Виртуалды шынайылық

Виртуалды шынайылық (virtual reality, VR) – шынайылықтың компьютерлік моделі немесе қандай да бір жағдайды қалпына келтіру.

VR техникалық құралдары арқылы қолданушыға көру, есту, иіс сезу, дәм сезу сияқты оның сезімдері арқылы берілетін әлемді (нысандар мен субъектілер) бейнелейді. Виртуалды шынайылық әсерге де, әсерге деген реакцияға да ұқсайды. Басқаша айтқанда, виртуалды шынайылық – заманауи компьютерлік технологиялардың көмегімен құрылған цифрлық әлем. Виртуалды шынайылыққа арнайы гаджеттер арқылы «енуге» болады.

Негізгі мақсаттар: •

ойын, ойын-сауық, бейне, 3D фильмдер, т.б. елестететін шынайылықты жасау және жетілдіру;

• өмір сүру сапасын жақсарту;

• шынайылық имитациясын жасай отырып, адамдардың белгілі бір дағдыларға машықтануы (мысалы, ұшқыштарға арналған симулятор). 

«Виртуалды шынайылық» термині 1980 жылдардың ортасында таралды. Бұл терминді америкалық ғалым, виртуалды шынайылық технологияларының көшбасшысы Джарон Ланье қолданысқа енгізген.

Виртуалды шындық дегеніміз – техникалық құралдар және программалық жасақтамалардың көмегімен жасалынған, адамға көру, есту, сезу т.б. сезімдері арқылы берілетін жасанды әлем. Техникалық құралдар арқылы адамға таңғажайып сезімдерді беретін виртуалды шындық (мысалы, ұшқыштарға арналған авиасимулятор). Пайдаланушы бұл объектілерге физиканың нақты заңдарына (гравитация, заттармен соқтығысу, су қасиеттері, бейнелеу және т.б.) сәйкес әсер алуы және нақты өмірде мүмкін емес қиялдағы әлемін іске асыра алады. Барлық осы сезімдерді біріктіріп, адамға әсер ету интерактивті әлем деп аталады.

1. Қарапайым VR. Пайдаланушыға виртуалды үшөлшемді кеңістіктің ортасында болуға мүмкіндік береді. Алайда әрекеттесусіз қоршаған кеңістікті ғана бақылай алады. Мұндай орта 360°-­тық видеоларға немесе суреттерге негізделген. Оның сұранысқа ие, ең көп таралған түрі – смартфондарға арналған виртуалды шындық көзілдіріктері. Оларға: Cardboard, Gear VR, Daydream View, Xiaomi Mi VR Play, HOMIDO Grab, HIPER VRS, Xiaomi Mi VR 2, Homido VR V2 жатады. Көзілдіріктердің көпшілігі оларға салынған смартфонның көмегімен жұмыс істейді және көзілдірік линзалар арқылы адамға оның суретін береді.

2. 3D жобалы VR. 3D жобалау пайдаланушыға виртуалды шындық арқылы объектілермен өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді. Пайдаланушы объектілерді құрады немесе басқа түрге өзгертеді. 3D үлгідегі виртуалды шындық программаларын жасау уақытты талап етеді және құны да жоғары. Себебі сезіну мүмкіндігі тереңірек болады. Оларға Oculus Rift, HTC Vive сияқты жоғары деңгейлі құрылғы жиынтығынан (контроллерлер, виртуалды шындық бас киімі, джойстиктер және қозғалыс датчиктері) тұратын гаджеттер жатады. Сонымен қоса 3D жобалы виртуалды шындыққа «ену» әсерлі болу үшін арнайы әзірленген бөлмелерде іске асады.

3. Бірнеше қолданушы VR-і. Жоғары деңгейдегі графика, анимация, 3D жобалау, яғни озық функцияларды біріктірген орта. Оны бірнеше қолданушы онлайн түрде бірлесіп пайдалануларына болады. Оған бірнеше рөлдік онлайн ойындар жатады: FreeStyle Online, Ultima Online, Ace Online, Anarchy Online, Dark Age of Camelot және т.б. 

Виртуалды шындықты көптеген салаларда қолдануға болады.

Білім беру. Виртуалды шындық алдын ала дайындықты қажет ететін сабақтарда жаттығу ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, информатика сабағында сендер программалық құрылғыларды, көркем еңбек сабағында үшөлшемді графикаға арналған программалық құралдарды пайдалана аласыңдар.

Ғылым. VR атомдық және молекулалық әлемнің зерттеулерін жылдамдатуға мүмкіндік береді. Компьютерлік шындық әлемінде адам атомдарды конструкторды жинағандай басқара алады.

Медицина. VR көмегімен медицина мамандарын оқытуға және дайындауға: операциялар жүргізуге, жабдықтарды зерттеуге, кәсіби дағдыларды жетілдіруге болады.

Сәулет және дизайн. Егер бұрын сәулетті демонстрация үшін қол макеттері мен қиял пайдаланылса, VR виртуалды кеңістікте құрылыс объектілерін толық көлемде құруға мүмкіндік береді. Бұл тек құрылыс объектілеріне ғана емес, сонымен қатар техникаға да қатысты.

Ойын-сауық. VR ойын ортасында танымал. Сондай-ақ мәдени ісшаралар және туризм салаларында да үлкен сұранысқа ие.

Кеңейтілген шындық

Кеңейтілген шындық – нақты уақытта физикалық әлемді толықтыратын орта. Біз оны қандай да бір планшет, смартфон немесе басқа да құрылғылар мен программалық жасақтамалар арқылы көреміз. Бұл – нақты әлемге (дыбысты, бейнелерді, заттарды және т.б.) қосымша элементтерді толықтыру. Кеңейтілген шындықта қосымша виртуалды элементтерді қоса да, сондайақ жоя да аламыз. Алайда құрылғылар мен программалардың мүмкіндіктерімен ғана шектеледі. Кеңейтілген шындықты пайдаланушы үшін нақты әлем және виртуалды объектілер бір кезде өмір сүреді.

Вир­туал­ды жә­не кеңейтілген шын­дық кө­зіл­ді­рік­те­рі­нің адам­ның көру қабілетіне ти­гі­зе­тін зи­яны

Медициналық тұрғыдан алғанда, VR көзілдіріктерінің зияны компьютер мониторымен салыстырғанда өте әлсіз. Көзілдірікте көз бір нүктеде шоғырланбайды, ол әрбір қозғалысты бақылап, тыныштықта болмайтындықтан, виртуалды шындық көзілдірігі көз үшін аса қауіпті емес. Алайда виртуалды шындық құрылғыларының қаупі өзгеде. Виртуалды әлемге шамадан тыс батқан адам кеңістікте бағдарын жоғалтады, бұл ағзаның вестибулярлық жүйесінің проблемаларына әкеледі. Сондықтан бас мониторларын күніне үш сағаттан артық қолданбай, әр жарты сағат сайын үзіліс жасау ұсынылады.

Вир­туал­ды шын­дық кө­зіл­ді­рік­те­рі­нің адам пси­хи­ка­сы­на зи­яны

Виртуалды шындық көзілдіріктері әр адамға әртүрлі әсер етеді. Ол адамның эмоционалды күйіне, жеке тұлға типіне және басқа да факторларына байланысты. Виртуалды шындық бас киімін қолдануда өте сақ болу керек. Себебі ол қабылдау қабілетін, ақыл-ой дамуындағы тежеулерге әкелуі мүмкін. Әмбебап сақтық шаралары:

• жүкті әйелдерге, қарт адамдарға және жүрек-қантамыр ауруларымен, эпилепсиямен, басқа да ауыр психикалық аурулармен ауыратын, көру қабілеті бұзылған адамдарға виртуалды шындықтан бас тарту керек;

• 13 жасқа дейінгі балаларға бас киімдерін қолданудың қажеті жоқ не ересектердің бақылауымен пайдалану керек;

• кез келген жастағы адамға ұзақ ойнау зиян, өйткені бұл көру-моторлы координацияға, тепе-теңдік қабілетіне теріс әсер етуі мүмкін.